Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін дамытуда мемлекеттік қолдау да, бекітілген міндеттер де көп. Мемлекет басшысы саланы дамытуда нақты мәселелерге назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар міндет қойды. Әсіресе, қой етін, құс етін, қозы етін өндірудің, сүтті мал шаруашылығын дамытудың және мал шаруашылығы өнімін экспортқа шығару ісін ілгерілетудің келешегі зор деп баға берген ел Президенті агрокешеннің дамуы ел экономикасына елеулі даму қарқынын алып келетінін атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бүгінде Шымкентте ауыл шаруашылығын дамытуда кешенді жоспарлар түзіліп, оларды жүзеге асырудың нақты жобалары қолға алынған. Қазір қала аумағында 81 елді мекенде 157 мыңға жуық мал басы және 50-ге жуық түрлі қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Мүндай жобалар – үй іргесіндегі бос жатқан жерлерді тиімді пайдаланып, кластерлі жобаларды жүзеге асыру арқылы қала тұрғындарының табыстарын арттыруға және өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ, өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу, қала халқын табиғи өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету және қосымша жұмыс орындарын ашу көзделуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағының болашағы зор. Қазіргі таңда инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде, аймақ толық өндірістік ауқымында іске қосылған кезде отандық өнім көлемі артып, ішкі нарықта баға саясаты да тұрақталатыны анық, – дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Шымкенттегі 3400 шаруа қожалықтың 86-сы ауыл шаруашылығы кооперативі ретінде жұмыс қарқынын ұлғайтқанын бұған дейін де айтқанбыз. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысуға ниеттенген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан «Іскер қала» бағдарламасымен жеңілдетілген 1-2 пайыздық несиелендіру және инвестиция, қайта өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы бағыттарында субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдаулар жасалуда.
– Жеке қосалқы шаруалар кооперативтерге біріккен жағдайда 1-2 пайызбен «Іскер қала» бағдарламасы арқылы несие ала алады. Басқарма тарапынан кооперативтер қандай да бір жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған жағдайда кеткен шығынның 25-30 пайызын субсидиялайды, — деген ол қайта өңдеуші кәсіпорындар сүтті қайта өңдеп, сары май өндірсе жұмсалған шикізаттың литріне 18 теңге, қатты ірімшікке жұмсауға кеткен шикізаттың литріне 28 теңге қаржы берілетінін айтады. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін банктен алған несиелердің 10-11 пайыз аралығындағы сыйақысын да субсидиялайды екен.
Шаруаларға көп мүмкіндік сыйлайтын бағдарламаның шарапаты мұнымен шектелмеген. Диқандардың тұқым немесе өсімдік көшетін сатып алу кезіндегі шығындардың 50-70 пайызын және жұмсалған органикалық тыңайтқыштардың 1 тоннасын сатып алуға жұмсалған шығынның 50 пайызына субсидиялау көзделген. Бұл жеңілдіктерге ие болу үшін, өтінімді үйден шықпай-ақ, электронды нұсқада «Gosagro@minagri.gov.kz» және «subsidy.plem.kz» порталы арқылы жолдауға болады. Өтінімдер жер учаскелері орналасқан өңір бойынша тиісті жылдың 1 сәуірі мен 1 желтоқсаны аралығында жүзеге асырылады екен.
Агрокластерлік жобаларға мемлекет тарапынан «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту Ұлттық жобасы» аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында жыл сайын мемлекеттен 2,5-3 млрд. теңге көлемінде 8 бағыт аясында қолдау көрсетілу көзделген. Берілетін барлық мемлекеттік қолдау толығымен автоматтандырылған. 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласы үшін Шымкент қаласына бөлінген субсидияның көлемі 3,9 млрд. теңгені құрайды.