Елімізде баспананы қолжетімді ету – жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспарлардың бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әл-ауқаттың тұрғын үй мәселесімен тікелей байланысты екенін және тұрғын үй құрылысы әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, экономикалық өсімнің локомотиві бола алатынын айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте соңғы жылдарда арнайы бағдарламалар есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Үкімет қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы құрылыс басқармасы тарапынан мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі көпқабатты 98 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде Тұран шағын ауданында 18 үй, Бозарық шағын ауданында 54 үй, Ақжайық шағын ауданында 26 үй салынуда. Өндірістік кестеге сәйкес 67 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Оның 61-і кредиттік, 6-ы арендалық баспана. Бұдан бөлек, жұмыс істейтін жастарға 900 пәтерді және халықтың әлеуметтік осал топтарына 505 пәтерді жыл соңына дейін нарықтан сатып алу жоспарлануда.
Шымкентте биыл 160 нысанның құрылысы жүруде. Құрылыс жобасына 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым, мәдениет және 7 білім беру нысандары, 3 төтенше жағдай кешені, 4 спорт кешені, 2 саябақ енгізілген. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, 2020 жылы тұрғын үй құрылысы қазіргіден екі есе аз болған екен. Биыл 1 млн 73 мың шаршы метр үйді тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар, Шымкент қаласында жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында арендалық 324 пәтер тұрғын үй кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, көпбалалы отбасыларға, сонымен қатар жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге берілмекші. Ал 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға тиесілі болмақ.
«Отбасы банк» арқылы несиелік негізде 1732 жанұяны баспанамен қамту жоспарланған. Оның 973-і ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болды. Оның ішінде «5-20-25» бағдарламасы бойынша 609 пәтер, «2-10-20 Бақытты отбасы» бойынша — 293, «Шаңырақ» бағдарламасымен — 71 пәтер берілді.