Біле жүріңіз Шымкент

Көктемгі жұмыстар қыза түсті

 

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлердің көлемін нақтылау, оны тиімді пайдалануды ұйымдастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Бұл орайда Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының атқарып отырған жұмыстары көп-ақ. Агроөнеркәсіптік секторды, су ресурстарын дамытудағы жобаларды жүзеге асыруда көктемгі дала жұмыстарының алар орны ерек. Содан да болса керек, басқарма басшысы А.Жанбатыров Сайрам тұрғын алабы, Абдулабад елді мекеніндегі шаруалармен арнайы барып кездесті. Ондағы мақсат — шаруалардың жұмысын қарқындатуға кедергі болып отырған түйіткілді мәселелермен танысу, пікірлесу, ой бөлісу.

Шаруалар басқарма басшысына көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті ағын сумен қамтамасыз ету мәселесін ортаға салды. Басқарма тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы мемлекеттен көрсетілетін қолдаулар және субсидиялау жайы түсіндірілді. Басқарма басшысы егін алқаптарында болып, дихандарға дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген жанар-жағармай таратыла бастағанын айтты.

Айта кету керек, мегаполисте әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында (кластерлі) жобаларды дамыту туралы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала әкімі басқарма алдына бірқатар міндеттемелерді жүктеген болатын. Осы мақсатта басқарма Еңбекші ауданында құлпынай және көкөніс өсіретін шаруаларды қолдау, өз өнімінің кластерін қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстар айтып, бағыт-бағдар ұсынуда.

Ленгер тас жолы бағытындағы жол жиегінде жыл сайын тікелей егістіктен алынған құлпынай және бау бақша өнімдерін сату мәселесін басқарма басшысы егістік басына барып, шаруалармен бірге талқылады. Оларға мемлекеттік қолдау құралдарына қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігу қажеттілігін түсіндіріп, өздерін қызықтырған салаға қатысты сұрақтарына жауап берді.

Шымкентте бал ара шаруашылығын дамытуға да болады. Абдулабад елді мекенінде «Beeprom» ауыл шаруашылығы кооперативі осы бағытта жұмыс істейді. Бал арасы шаруашылығын (кластерлі) дамыту бойынша осы жобаға қатысуға үміткер шаруалардың басын қосқан басқарма мамандары аталмыш кооператив төрағасымен оларды жолықтырып, тәжірибе алмасуына жағдай жасады.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *