Мегаполистің экономикасын дамыту өндіріс орындары, шағын кәсіпкерлікпен қатар ауылшаруашылығы саласына да байланысты. Әсіресе, агросекторда мал шаруашылығын, мал өнімдері өндірісін дамытудың алар орны ерекше. Бұл өз кезегінде тұтынушыларға сапалы, отандық азық-түлік ұсынудың да бірден бір жолы. Десе де, мал баққанға бітетіні бесенеден белгілі. Малсақ болудың қыр-сыры көп. Уақытылы күтіп-баптау, жем-шөбін берумен қатар оны түрлі аурулардан залалсыздандыру ісін де уақытылы атқарып отырған жөн.
Қазір Шымкент қаласы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларына энзоотиялық ауруларға қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл биыл наурыз, сәуір (ауа райының қолайлығына қарай өзгеруі мүмкін) айларында жүзеге асырылатын жұмыстар. Осыған орай, қала аумағында орналасқан қоралардағы ірі қара малды арнайы сұйық дәрілермен бүрку және ұсақ малды тоғыту шаралары басталады. Аталған ветеринариялық шараларды жүргізу барысында мал және қора-жай иелері жұмыстың сапалы болуы үшін алдын-ала өзіне меншікті аумақты механикалық тазалаудан өткізуге тиісті. Ірі қара малды дезинфекторларға бүрку үшін жеткізсе, ұсақ малды арнайы тоғытуға арналған ваннаға апаруға міндетті.
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы қала тұрғындары мен шаруа қожалық иелерінен қоршаған ортаның қауіпсіздігі үшін залалсыздандыру жұмыстарына жауаптылықпен қарауға шақырады. Шымкент қаласы бойынша кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарымен «Ветеринариялық қызмет» МКК айналысады.
Мекен жайы:
Шымкент қаласы, Байтулы Баба, №9/14 үй
Телефон нөмірі: 45-05-05, 45-05-22.