Uncategorized

Шағын цех ашу керек

Жуырда Мақтаарал ауданында  өзбекстандық инвесторлардың  зауыт салатыны, оған мал терісін жинайтыны туралы ақпараттар естідік. Осы кезге дейін Ресей, Қытай, Үндістан секілді мемлекеттердің инвесторлары келіп кәсіпорын ашады деген болса, енді Өзбекстан да бізде зауыт салмақ екен.

Әрине, бұл экономиканы көтеруге, тұрғындарды жұмыспен қамтуға себеп болатын жақсы жаңалық шығар, бірақ мен үшін қуанатын жағдай емес дер едім. КСРО кезінде өзімізде тері мен жүннен өнім өндіретін қаншама кәсіпорын болды. Бүгінде соның біреуі де жоқ. Салдарынан тері мен жүн қоқысқа кетіп жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы зауыттар жекешеленіп, қаншама станок металл есебінде сатылды. Бұл әрекетті өкінішпен еске алып жүрміз. Бірақ, өкінішке айналар іс-әрекеттерді әлі де қайталап жатқан секілдіміз.

Айталық, Өзбекстанда мақта үздіксіз егіліп, жері коррозияға ұшырады. Соңғы жылдары өздерінде өнім азайғандықтан, амалсыз біздің елге қарай бет бұруда. Енді ондаған жылдардан кейін Қазақстанның жері де бүлініп, түк шықпайтын болып қалуы мүмкін. Ал тері мен жүнді Өзбекстанға шикізат ретінде өткізу барып тұрған сорлылық. Сонда алатақиялы ағайындардың қолынан келген шаруаны өзіміз істей алмаймыз ба?  Әлде бізде қолынан іс келетін, қалталы кәсіпкерлер жоқ па?

Менің ойымша тері мен жүнді өңдейтін, аяқ киім тігіп, шұлық тоқитын үлкен зауыт салудың қажеті жоқ. Бізге Қытайдың тәсілін енгізу керек. Оларда бір ауылда ондаған, тіпті одан да көп шағын цех жұмыс істейді екен. Мемлекеттен қомақты көмек алады. Олар шетелдік инвесторларға жағдай жасап, салықтан босатпайды, керісінше жеңілдікті жергілікті кәсіпкерлікті дамытушыларға көрсетеді. Мемлекеттік гранттарды көбейтеді. Алған грантын толықтай өз кәсібін дамытуға жұмсайды. «Шотал», «шапка» деген болмайды.

Қазақстанда да кәсіпкерлердің әрбір ауылда шағын цех ашуына мүмкіндік беріп, жағдай жасалғаны жөн. Жергілікті халық ауылда тері мен жүн өңдесін, тоқыма цехтарын ашсын. Сол арқылы көршілерін жұмыспен қамтиды. Жергілікті халықтың жағдайы жақсы болса, Үкіметке қол жайып, жалтақтамайды. Осы жағын ойластыру керек.

Хасен Тұрлыбеков,

Отырар ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *