Біле жүріңіз

ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Жаңа жылдан жақсылық күткен халықпыз. Көнекөз қариялар Жылқы жылын шаруашылыққа қолайлы, тұрмыс-тіршілікке жайлы, молшылығымен ерекшеленетін мамыражай жыл болады деп пайымдаған. Жылқы иесіне берілген, адал, сенімді серік, қысы-жазы өз аяғымен жайылатын төзімді түлік. Мінсең – көлік,  жесең – ет, ішсең – сусын…

Жылқы малы еркіндікті сүйетіндіктен, бұл жыл иесі адамдарға еркіндік, белсенділік сыйлайды деген түсінік бар. Соның арқасында жұрттың бойында тың өзгерістерге деген құштарлық, ұмтылыс артпақ. Адамның әр нәрсеге қызығушылығы, шабыты еселенеді, мақсаттары айқындала түседі, ол қандай да бір шешім жасарда батылырақ болады. Тек нық басып, мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білу керек. Өмірде, іс-әрекетте көптеген маңызды өзгерістер жасауға, жаңа жобалар мен жоспарлар түзуге болады, оларды ретімен жүзеге асырып отырсақ болғаны. Білімді тереңдетуге, біліктілікті арттыруға, тіл, өнер үйренуге, жақсы әдет пен дағдылар қалыптастыруға, мансап өсіруге қолайлы жыл.

Жыл иесі үнемі қимыл-қозғалыс үстінде болатындықтан бұл жыл адамдарда іс-әрекетте белсенділік артуымен ерекшеленеді. Шабыт, ынта, ұмтылыс пен оған қажетті күш-қуатты жұмсауда ішкі тепе-теңдікті бұзып алмау керек. Әйтпесе көңіл-күй тұрақсыздығы, күйзеліс орын алуы мүмкін. Денсаулыққа, психологиялық қалыпқа мән беріңіз. Күшті артық жұмсамаған жөн. Ортаны өзгертіп, серуенге, саяхатқа шығып тұрған жақсы, ол адамның танымдық көзқарасының артуына, өмірге қызығуына молынан ықпал етеді.

(Жалғасы бар…)

   

Дайындаған Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *