Әкімнің орынбасары осылай деп уәде берді
Газетіміздің өткен нөмірінде «Аудан әкімін шақыртып келтіре алмаймыз» деген тақырыппен мақала жарияланған болатын. Онда Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты «Нұршуақ» шағын ауданы тұрғындарының әкім мен оның командасының жұмыстарына көңілдері толмайтыны жайында жазылды. Нақты айтқанда, тұрғындар көшеде жарықтың, жолдың, аяқжолдың жоқтығын көрсетейін десе аудан әкімі Шәкір Сұлтанханды шақыртып келтіре алмайтыны, тіпті әкімнің түрін көрмегендері туралы базынасы басылды. Осы мақалаға байланысты дүйсенбі күні Абай ауданы әкімінің экономика және инфрақұрылым мәселелері бойынша орынбасары Мейіржан Әжедин редакцияға арнайы келіп, сұрақтарға жауап берді.
Мейіржан Ғаниұлының сөзіне қарағанда аталған ауылда инфрақұрылым мәселесі 99 пайызға шешімін тапқанға ұқсайды. Дейтұрғанмен әлі де ұсақ түйткілдердің бар екенін де жоққа шығармайды. Ол кей көшелерге асфальт төселмеу себебін сол үйдің екінші жағында асфальт жолдың бар екендігімен түсіндірді. Орынбасардың сөзіне қарағанда ол төңіректің жері бұрын кооперативке қараған. Жерді солар үлестірген. Үйлердің араларындағы бос жерлер иесіз емес. Ол жерлерді кооператив басшылығы өз бастамасымен мемлекетке тегін бермесе, сатып алуға болмайды екен. Осы жағдай көшеге асфальт жабындысын төсеуге кедергі келтіріп отырса керек.
«Бірінші кезекте бос жерлерге инфрақұрылым жүргізу туралы тапсырма бар, – деді Мейіржан Әжедин. – Бүгінгі таңда солай жасап жатырмыз. Жарық, су, газ, жол тартылғаннан кейін биылдың өзінде жаңа тұрғын алаптарға халық 30 пайыз, келесі жылы толық қоныстанады деген сенім бар. Егер сол жерлерге тұрғындар келмесе немесе аз қоныстануы себепті төселген асфальт тозатын болса, үш жылдық кепілдік аясында мердігер қайта жөндеп береді. Жаңа тұрғын алаптар жарықтандырылған. Рас, онда тұрғындар аз болса да тұрып жатыр. Демек, көше жарығы қажет. Алайда, электр энергиясын ысырап етпес үшін олармен келісілген түрде екі бағанның біреуінің жарығын қолдан сөндіріп қойғанбыз. Қосымша үйлер соғылып жатса, жарықты қайта қосып береміз.
Ауыл ішіндегі көшелер де назардан тыс қалмайды. Осы жылдың соңына дейін сіздер мәселе көтерген Жезкен көшесін толықтай жарықтандырамыз. Ал мақалада айтылған көшелерді келесі аптада өздеріңізбен бірге барып көреміз. Егер тұрғындардан ұсыныс түсіп жатса, құжаттары дұрыс болса, 2027 жылы асфальт төсеуге болады. Жезкен – үлкен көше, мектепке баратын оқушылардың сол көшемен жүретінінен хабардармыз. Көшенің басы мен аяғында аяқжол бар да, орта тұсында жоқ. Сол секілді Бәйге көшесінде де аяқжол толықтай бітпей қалған. Оның барлығын аяқтау жоспарда бар. Бұл жөнінде тұрғындармен кездескенде өзіміз түсіндіреміз.
Ал енді аялдама мәселесіне келер болсақ, ол мәселені транспорт басқармасына айтамыз. Бірақ аялдама әр жерге қойыла бермейтінін де түсіну керек. Арасы 400-800 метрден кем болмауы тиіс, халық нөпірі деген талаптар да бар, егер сол талапқа сай болса аялдама салуға ұсыныс беріледі.
Ауыл биінің «әкім келмейді» дегенін түсіне алмай отырмыз. Ол кісі мәселе болса әр бейсенбі сайын әкімнің қабылдауына келеді. Шәкір Асылханұлы апта сайын тұрғын алаптарын өзі аралап тұрады. Жағдайдың бәрімен таныс. Негізі, «Нұршуақ» инфрақұрылым мәселесі шешімін тапқан шағын аудан есептеледі. Ал аудан аумағында шұғыл орындалуды қажет ететін мәселелер аз емес. Аудан әкімі сондай аумақтарға жиірек барады. Жалпы, біздің аудан Президенттің ашықтық саясатын толықтай қолдап, жүзеге асырып келеміз. Мәселемен барған кез келген азаматтың арыз-шағым, өтініштері жауапсыз қалмайды».
Ресми мәліметке сүйенсек, Абай ауданы аумағындағы 27 елді мекенде 55 159 жер үй, 350 көпқабатты тұрғын үйде 269,2 мың адам тұрады. 1274 көше бар, 230 әлеуметтік нысан орналасқан. Тұрғындар ауыз сумен, электр жарығымен және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған. Алайда, аудандағы кейбір елді мекендердің жаңа құрылыс аумақтарында газ жүйесі жүргізілмеген тұрғын үйлер мен жер учаскелері бар. Атап айтқанда, «Жиделі» шағын ауданында – 15 үй (400 учаске), «Ақжайық» шағын ауданында – 30 үй, «Нұршуақ» шағын ауданында – 200 үй. Аталған учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бүгінгі таңда Абай ауданы әкімдігінің күн тәртібінде. Алда жолы жоқ көшелерге жол салынады, жарығы жоқ көшелер жарықтандырылады. Аудан әкімнің орынбасары осылай деп уәде берді.
Қ. БАСТАУ.
