Білім, ғылым

ChatGPT: Пайдасы қандай, зияны қандай?

Бүгінгі оқушының сөмкесінде кітаппен қатар жасанды интеллект те «жүр». Яғни соңғы бірнеше жылда ChatGPT секілді жасанды интеллект құралдары білім беру саласында кеңінен қолданыла бастады. Бірі оны білім алуға көмектесетін заманауи технология деп бағаласа, енді бірі оқушылардың өздігінен ойлау қабілетін әлсірететін құрал ретінде қабылдайды. Ендеше, ChatGPT – оқушының сенімді көмекшісі ме, әлде жалқаулықтың бастауы ма?

Бүгінде мектеп оқушыларының басым бөлігі реферат жазуда, эссе құрастыруда, есептің шығару жолын түсінуде немесе жаңа тақырыпты меңгеруде жасанды интеллекттің көмегіне жүгінеді. Бұрын оқушылар қажетті ақпаратты бірнеше кітаптан немесе түрлі сайттардан іздейтін болса, қазір сұрақты бір ғана жерге жазып, санаулы секунд ішінде жауап ала алады. Бұл уақытты үнемдеуге және ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Дегенмен, кез келген технология сияқты ChatGPT-дің де екі қыры бар. Егер оқушы дайын жауапты еш өзгеріссіз көшіріп алып, оны өз еңбегі ретінде тапсырса, онда білім алу мақсаты орындалмайды. Мұндай жағдайда оқушы ізденуді, саралауды, талдауды және өз ойын жеткізуді біртіндеп ұмыта бастайды. Білімнің орнына тек дайын нәтижеге ұмтылу қалыптасады. Ал технологияны дұрыс қолданған жағдайда оның пайдасы әлдеқайда көп. Мысалы, түсінбеген тақырыпты қарапайым тілмен түсіндіріп беру, мәтіндегі қателерді көрсету, ағылшын тілін үйренуге көмектесу, шығармаға жоспар құру немесе емтиханға дайындалуға бағыт беру – мұның барлығы оқушының білімін толықтыруға қызмет етеді. Мұндай кезде ChatGPT мұғалімнің орнын баспайды, керісінше, оқушының қосымша оқу құралына айналады.

Біз осы тақырыпқа қатысты бірнеше мектеп оқушысының пікірін сұрап көрдік.

Інжу Имамусаина, 11-сынып оқушысы: Менің ойымша, ChatGPT -оқушылардың көмекшісі. Себебі ол жаңа тақырыптарды түсінуге, тапсырмаларды орындауға және білімін толықтыруға көмектеседі. Ал жалқаулыққа әкелу немесе әкелмеу оны қалай қолданатынымызға байланысты.

Жанерке Маратқызы, 10-сынып оқушысы:  Қазіргі таңда оқушылардың көбісі кез келген жағдайда ChatGPT, GEMINI секілді чат бот пайдаланады, ол дұрыс емес. Чат бот пайдаланатын оқушы соған тәуелді болып қалады. Сабақ оқу қажет, себебі білім болашақта міндетті түрде қажет болады.

Гүлсезім Рахаш, 11-сынып оқушысы: — Жасанды интеллектті дұрыс пайдалансаң, ол жақсы көмекші. Бірақ оның әр жауабын тексеріп отырған жөн. Себебі кейде қате ақпарат та беруі мүмкін.

Оқушылардың пікірінен байқағанымыздай, мәселе технологияның өзінде емес, оны қалай қолдануда. Бүгінде әлемнің көптеген елдері жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне бейімдеудің жолдарын қарастырып жатыр. Демек, бұл технологиядан бас тарту емес, оны сауатты пайдалану маңызды. Қазіргі қоғам цифрлық дәуірге қадам басты. Болашақ мамандар ақпаратты тез тауып қана қоймай, оны талдап, салыстырып, өз ойын қалыптастыра білуі керек. Сондықтан оқушыларға жасанды интеллектіні жауап көшіретін құрал емес, білімді тереңдететін көмекші ретінде қолдануды үйрету – уақыт талабы.

Қысқасы, ChatGPT-ді жалқаулықтың бастауы да, білімнің кілті де ететін – адамның өзі. Егер ол ізденуге, үйренуге және білімін толықтыруға пайдаланылса, бұл технология оқушының сенімді серігіне айналады. Ал дайын жауапқа ғана сүйену оқушыны уақытша жеңілдікке жеткізгенімен, болашақта оның білім сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі күннің басты сұрағы «ChatGPT керек пе?» емес, «Біз оны дұрыс пайдаланып жүрміз бе?» деген сауал болуы тиіс.

Динара ЖАҢАБЕК,

Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің

11-сынып оқушысы.

Шолаққорған ауылы,

Созақ ауданы,

Түркістан облысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *