Шымкентте агроөнеркәсіптік
секторда кластер құру міндеті тұр. Бұл орайда қала әкімі Мұрат Әйтенов
қаламызда ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар жобаларды дамыту туралы сала
мамандарына берген тапсырмасы бар. Қазіргі таңда басқарма тарапынан 5 аудан
бойынша сала мамандары арнайы семинарлар өткізуде.
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Ә.Жанбатыров Құрсай елді мекенінде орналасқан құс шаруашылығын дамытуды қолға алған жеке кәсіпкер Абдумалик Тасходжаевтың құс фермасында болды. Жұмыс барысымен танысып, шаруаның қолын байлап отырған мәселелерін сұрап білді. Жеке кәсіпкер құс шаруашылығының етті бағыттағы «Бройлер» тауықтарын өсіруде. Бүгінгі таңда фермада 5 000 бас бройлер тауық бар. Өндірілген құс етін кәсіпкер қаламыздағы дүкендерге және мейрамханаларға, тез дайындалатын фаст-фуд асханаларына өткізуде.
Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдауларды пайдана отырып құс бастарын көбейтуді жоспарлауда екен. Осы мақсатта алдағы уақытта қосымша құс фермасының құрылысын жүргізіп, заманауи технологияларды шет елдерден сатып алуды мақсат тұтып, жоспарлаған. Осыған сәйкес, кәсіпкер Тасходжаев Абдумаликке құс шаруашылығын дамыту үшін кәсіпкерлерге басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар туралы мәліметтер, кеңестер берілді.