Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыру міндеттері Шымкент қаласындағы 4 репродукция орталығы арқылы жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта тағы да 200 төсектік перинаталдық орталық салынбақшы.
Бұл туралы жақында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен гендерлік тендікті сақтау, әйелдерді жұмыспен қамту және олардың денсаулығы мәселелері мен еліміздегі білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары қаралған Үкімет отырысында айтылды.
Айта кету керек, Шымкентте «Отбасылық және гендерлік саясатты дамыту, қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру» жобасы жүзеге асуда. Әйелдердің денсаулығын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған кешенді іс шаралардың нәтижесінде мегаполисте ана өлімі көрсеткіші төмендеген.
Ал жыл басынан бері мемлекет қолдауымен жұмыспен қамту шараларына 11 мыңнан астам азамат қатысқан болса, олардың жартысына жуығы қыз-келіншектер. Бұл орайда әйелдерді жұмыспен қамту мәселесіне жіті көңіл бөлінуде.
Естеріңізде болса жыл басында ҚР Премьер-министрі А.Смайлов Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары барысында қала әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Республикалық маңызы бар қаланы дамытуға ықпал ететін 19 тапсырманың орындалуы бойынша сала басшыларының есебін Үкімет басшысы өз бақылауында ұстауда. Бастысы республикалық бюджетті нақтылау барысында министрліктерге бірқатар сұраныс берілген.
Бұл орайда қала әкімі М.Әйтенов мегаполис үшін маңызды «Тұран» шағын ауданындағы Оқушылар сарайы құрылысына қалаға қаралған лимит шегінде қаржы қарастыру және «Қайнарбұлақ» шағын ауданын табиғи газбен қамтуға қаралған қаражат бойынша сұраныстар барын атап өтті. Бұл Мемлекет басшысының және Премьер-министрдің тапсырмаларын мерзімінде орындауға және халықтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.