Шымкент

Мегаполисте мал шаруашылығын дамыту мүмкін бе?

Мүмкін болғанда қандай?! Қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету, соның ішінде ет, сүт өнімдерінің көлемін арттыру мемлекеттік саясаттың бір парасы. Жалпы, соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі артқан. Шаруаның көзін тапқандарды қолдауға бағытталған бағдарламалар да жетерлік.

– Мал шаруашылығында, әсіресе сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қараның басын көбейтуді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда қала аумағында 73,9 мың ірі қара, 15,4 мың жылқы, 82,5 мың ұсақ мал бар. 877,1 мың үй құсы тіркелген. Осының ішінде мыңнан астамы асыл тұқымды ірі қара мал. Мал шаруашылығын дамыту үшін 1 млрд теңгеден астам мемлекеттік қолдау бөлінген. Оның ішінде 185,1 млн теңгесі малдың жем-шөбіне беріледі. Мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, биыл 9,1 мың тонна ет, 52,3 мың тонна сүт және 154 млн дана жұмыртқа өндіруді жоспарлап отырмыз,дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында индикаторлар бекітілген. Басқарма мамандары жоспардағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 2023 жылы жалпы өнім көлемін 48,7 млрд теңгеге жеткізу, агроөнеркәсіп өнімінің экспортын 331,8 млн теңгеге, ал қайта өңделген экспорт көлемінің үлесін 80 пайызға және ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемін 15,4 млрд-қа жеткізу тұр.

– Былтыр мал шаруашылығы саласында да қол жеткізген жетістігіміз жаман емес. 8,9 мың тонна ет, 51,4 мың тонна сүт және 142 млн дана жұмыртқа өндірілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 46 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 1 млрд теңгеге артып отыр. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 15,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Көзделген меже 11,6 млрд теңге болса, жоспар 3,7 млрд теңгеге артығымен орындалды. Өнімдердің экспортында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістік бар. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемі 148,3 млн долларды құраған. Көрсеткіш 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,5 млн долларға артып отыр, – дейді басқарма басшысы.

Мал басын көбейту, асылдандыру ісінде қалада мемлекеттен қолдау көріп жатқан шаруалар аз емес. Мысалы, Голландиядан голштино-фриз тұқымды сиырды елге жеткізу үшін шаруаларға әр мал басына1 млн 300 мың теңге субцидия берілуде. Оны тиімді пайдаланғандардың ауызы аққа жарып, елді де сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде. Мысалы, қалада Кәрімжан Ибрагимұлы иелік ететін «ШҚ Эгамназаров» қожалығында 300-ден аса асыл тұқымды ірі қара бар. Асыл тұқымды сиырлардан сауылып жатқан сүттің майлылығы 4,5-4,8 пайызға жетеді. Шаруаның көзін тапқан кәсіпкердің айтуынша, бұл қаладағы ең майлы, әрі сапалы сүт. Фермадан тәулігіне 1,7-2 тонна аралығында сүт автомат-робот сауыншының көмегімен сауылады. Жаңадан сауылған сүтті «Алтын дән» сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорынға литрін 270 теңгеден өткізеді.

Расында да Шымкентте ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін арттырып, импортқа тәуелділікті төмендету жұмысы қарқын алған. Бұл орайда 15 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылып, 298 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 4 құс фермасы, 3 сүтті бағытта мал шаруа қожалығы, 1 балық шаруашылығы, 1 мал бордақылау бекеті, 2 сүтті қайта өңдеу кәсіпорын мен мал азығын дайындайтын кәсіпорын және 2 жылыжай кешені салынған.

Айта кету керек, бүгінгі Шымкенттің әлеуметтік-экномикалық даму көкжиегі кеңейген. Мегаполис ретіндегі әлеуметтік, кәсіпкерлік бағыттағы көптеген нысандармен толығып, ауылшаруашылығына арналған жер көлемі қысқарғаны жасырын емес. Десе де жалпы аумағы 117 мың гектарды құрайтын жер аумағында 30 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде.

Агроөнеркәсіптік салада алға жылжу байқалады. Мысалы, былтыр Шымкентте 13 мың гектарға – дәнді дақыл, 3,6 гектарға – майлы дақыл егілген. Мал азықтық дақыл үшін 9,6 гектар бөлінген. Көкөніс пен бақша өнімі – 3,4 гектарға, картоп 0,4 гектарға егілген. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 0,7 мың гектарға артық. Егіс алқаптарынан жалпы 94,3 мың тонна егін жиналған. Оның 20,1 тоннасы дәнді, 3,2 тоннасы майлы дақыл, 48,2 мың тоннасы көкөніс пен бақша өнімдері, 4,4 мың тоннасы картоп және 18,3 мың тоннасы мал азықтық дақылдары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *