Шымкент

6 ЕМХАНА, 200 ОРЫНДЫ ПЕРЗЕНТХАНА САЛЫНАДЫ

         Шымкент қаласында медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, саладағы қызмет сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай әр емханаға 30 мың тұрғыннан бөлінуі тиіс. Қазір Шымкент қаласы бойынша 45 емхана бар. Сала мамандарының айтуынша, оның әрқайсысының орташа есеппен қамту көрсеткіші 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға азайту көзделуде екен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында медицина саласын дамытуға көп көңіл бөлу қажеттігін Үкіметке тапсырғаны белгілі. Жолдаудың үшінші бағдары: «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» атты бөлімінде «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дей келе денсаулық сақтау саласына қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналғанын, соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отырғанын ашық айтты. «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет», — деп Үкіметке нақты тапсырма берген Президент арнайы дайындалған Ұлттық жоба аясында төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру көзделіп отырғанын да айтқан-ды.

Жолдауда айтылған мәселелерді жүзеге асыруда еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында нақты жоспар түзілген. Сол бойынша 2025 жылға дейін қалада 6 емхананың қажеттілігі туындайды. Бұл мәселені қазірден шешу қажеттігін қолға алған қалалық әкімдік медициналық нысандар құрылысына инвестиция тарту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салынатындығын жоспарлап отыр. «Бұл өз кезегінде қазіргі №1 перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді», — дейді сала мамандары. Жаңа перзентхана Ақжайық шағынауданынан бой көретерді.

Инвестициялық штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов медицина саласына инвестор тарту мәселесін айрықша атап өтті. Кәсіпкерлер үшін арнайы жер телімі бөлініп, барлық коммуникациялық жүйелер тартылады. Инвесторлар денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жобаларға сенімді түрде келуіне барлық жағдай қарастырылған. Бұл орайда қала әкімі

жауаптыларға жер телімдерін бөлу, сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бюрократиялық кедергілерді жойып, кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайдың жасалуын қадағалауды ескертті.

– Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет, -деді Мұрат Әйтенов.

Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмалары мен Үкімет алдына қойған міндеттердің аймақтарда қаншалықты жүзеге асып жатқанын бағамдау үшін жуырда Шымкентке жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев келіп кетті. Ол қаладағы бірқатар медицина ұйымдарын аралап, жұмыстарымен танысты. Алдымен қалалық онкологиялық орталығында ашылған ядролық орталығында болған ол мұндағы заманауи технологиялық аппараттар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға шұғыл, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретініне көз жеткізді. Соңғы 4 жылда Шымкенттегі онкологиялық орталықта 2 мыңға жуық науқасқа түрлі деңгейдегі  эндоваскулярлы оталар жасалған. Кіші инвазивті операциялардың науқас өмірін сақтауда маңызы зор.

Сонымен бірге бүгінде күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңғыртылған қалалық №2 ауруханасында болған бірінші вице-министр Тимур Сламжанұлы қабылдау бөлімі, сәулелі диагностика, ангиография кабинеті мен инсульт бөлімшесінің жұмыстарын тексерді. Ауруханадағы КТ кабинеттері мен жансақтау бөлімдері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Осы сапарында вице-министр бастаған делегация 500 орынды қалалық №1 емханасындағы тіркеу орнын, егу, күндізгі стационар мен процедуралық кабинеттерді аралап, жергілікті дәрігерлермен пікір алмасты.

Орайы келгенде айта кету керек, отандық фармацевтикалық өнімдердің 35 пайыздан астамы Шымкентте жасалады.

Қазір елімізде денсаулық сақтау саласын модернизациялау ұлттық жобасының орындалуы мен отандық фармацевтикалық өндіріс барысына үлкен мән берілуде. Бұл орайда Перезидент отандық фармацевтика өндірісінің үлесін 2029 жылға қарай 50 пайызға жеткізуді тапсырып отыр.  Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың бұған дейін де мәлімдегеніндей салаға қатысты арнайы Жол картасы дайындалған. Оның шарапаты шымкенттік өндірісті дамытуға да тиері сөзсіз. Шымкенттің фармацевтикалық кәсіпорындары былтырғы жылы 58 млрд. теңгенің препаратын өндірген. Ал жоғарыда айтып өткендей, 6 міндет пен 39 іс-шараны іске асыруды қамтитын Жол картасын орындау мақсатында жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *