Әлеумет Біле жүріңіз

ҚАЙ ЕЛДІҢ ЖЫЛҚЫСЫ КӨП?

 

Бабаларымыз «ер қанаты» деп әспеттеген Қамбар ата түлігі туралы қызықты деректер мен дәйектерді біле жүрген де артықтық етпейді. Жарияланған деректерге қарағанда, бүгінгі күндері әлемде 60 миллионға жуық жылқы бар. (Жабайы жылқыларды қоса есептегенде). Дүние жүзінде жылқы саны бойынша бірінші орында АҚШ тұр. Бұл елде қазір 11 миллионға жуық ат бар. Екінші орындағы Мексикада оның саны 6,5 миллионнан асады. Қытайда одан сәл азырақ – 6 миллион шамасында. Бразилияда 6 миллиондай болса, Аргентинада 4 миллионнан асады. Монғолияда – 3,5 миллионға, Эфиопияда – 3 миллионға, Ресейде 1,5 миллионға жуықтайды. Осы елдердің ішінде кейбірі тірі мал экспортынан, яғни жылқыны шетелдерге сатудан жылына жүздеген миллион доллар пайда табады.

Қазақстан жылқы түлігінің саны жөнінен дүние жүзі бойынша алғашқы «ондыққа» кіреді, дәлірек айтқанда 6-шы орында. Статистикалық деректерге сенсек, қазір елімізде Қамбар ата түлігінің саны 4 миллионнан асады. Еліміз бойынша Түркістан облысы бірінші орын алады, өңірде 470 мыңдай жылқы бар. Жылқысы көп облыстар қатарына сондай-ақ, Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары кіреді.

Аттан құтыла алмай отырған елдер де бар екен

Жылқы баласы түрлі проблемалар туындатып, тіпті одан құтыла алмай отырған елдер де бар. Солардың бірқатары туралы айтсақ.

АҚШ-та 100 мыңдай жабайы жылқы бар. Мустанг деп аталатын олар негізінен елдің батыс аумағындағы жазықтар мен орман-тоғайларда еркін жайылып жүреді. Кейінгі жылдары АҚШ фермерлері осы мустангтарды қырып тастау жөнінде мәселе көтеріп жүр. «Жайылымды таптайды, топырақ пен суды бүлдіреді, шаруашылыққа зиянын тигізеді» дейді.

АҚШ-та тұрғындардың жеке иелігіндегі жылқылардың саны 7 миллиондай болады. Олар негізінен шаруашылықтарда, бизнесте, түрлі ойын-сауық шараларында, спорттық мақсатта пайдаланылады. Бүгінде олардың да санын азайтуға қатысты жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Жабайы аттар мен үй жануарларының санын шектеу үшін медициналық стерилизация тәсілдері қолданылады. Яғни айғырлар піштіріледі, биелерге құлын тумайтындай етіп арнайы екпелер жасалады.

Екінші бір ел — Австралия. Бұл елде жылқының брамби деп аталатын түрі бар. Аты ағылшын армиясының Джеймс Брамби есімді сержантының есіміне байланысты шыққан. Бүгінде тұрғындар брамбиді көлік ретінде де, жұмысқа да пайдаланбайды, етін де тұтынбайды. Табиғатта еркін жүрген жылқылар жабайыланып кеткен. Ғалымдардың, фермерлердің пайымынша, брамби экологияға, флора мен фаунаға, топырақ құнары мен су ресурстарына көп зиянын тиігізуде. Сондықтан санын азайту үшін күрес жүргізіліп жатыр.

Әу баста Австралияда жылқы атаулы болмаған, оны бұл жаққа ХVIII ғасырда ағылшын отарлаушылары жеткізген. Мініс көлігі, жұмыс көлігі ретінде. Бертінде техника мен технология дамуына байланысты жылқы қажетсіз болып қалған. Сосын оларды еркіне жіберген. Табиғат аясында жылқылар көбейіп кеткен. 1960 жылдардан оларды қырып-жою жөнінде әңгімелер шыға бастаған. Ақыры аяғында үкімет бұл жануарларды атып, азайту жөнінде арнайы қаулы шығарған. Аулаушыларға сыйақы тағайындаған. Жылқы аулауға тікұшақтарды, автоматты қаруды пайдалануға рұқсат берген.

Мысалы, 2022 жылы бұл елде 10 мың жылқыны атуға рұқсат етілген. Бүгінде оларды аулап, шетелдерге тірідей сатып та жатыр. Жоспар бойынша 2027 жылы Австралияда жабайы жылқылардың 3 мыңдайы ғана қалуы тиіс.

 ТҰЛПАРДЫ ТУҒАНЫНДАЙ ҚАСТЕРЛЕГЕН

Біздің қазақ жылқыларының да бірнеше тұқымы бар. Ежелден келе жатқан негізгілері – қазанат пен жабы және оларды будандастырудан туған қарабайыр ат. Кейінгі кезеңдердегі будандастыру жұмыстары нәтижесінде көптеген аумақтарда өзіне тән жылқы түрлері пайда болған. Олар, мысалы, қыпшақ жылқысы, найман жылқысы, жетісу жылқысы, адай жылқысы деген сияқты атауларымен белгілі.

Қазақтың көкпар, бәйгеге салатын аттарының көбі – қазанат пен қарабайыр тұқым. Жаугершілік замандарда оларды негізінен ел қорғау кезінде, жорықтарда пайдаланған. Ал жабы – шаруашылыққа қолайлы тұқым. Ауа райы құбылыстарына, жұмысқа төзімді болады. Денесі шымыр, тұрқы ұзынша, мойны мен аяқтары қысқа, жалы мен құйрығы қалың келеді. Қолайсыздықтарға төзімді, оңайшылықпен арымайтын, тез семіретін, сүттілеу болатындықтан ол ет, сүт өндіруде пайдаланылады. Қарабайыр – шомбалдау кесек тұлғалы, омыраулы, мойны қысқа, шоқтығы биік, жүйріктігімен, ұзаққа шаба алатындығымен ерекшеленетін жылқы.

Жалпы, әлемде жылқы түлігін қазақтай қадірлеп-қастерлейтін халық кемде-кем. Ертегілерде, аңыздарда, батырлар және ғашықтар жырларында, жазба әдебиеті үлгілерінде жүйріктігімен, сымбатымен, күшімен, басқа да қасиеттерімен ардақталған тұлпарлар көп. Кендебайдың Керқұласы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Исатайдың Ақтабаны, Ақанның Құлагері… деп жүздеп-мыңдап тізе беруге болады.

Елімізде жылқыға қатысты жер-су аттары да аз е мес. Мысалы, Қарағанды облысында Атбасар атты қала бар. «Мыңжылқы», «Сарыайғыр» деп аталатын тау, өзен аттары Түркістан облысының Төлеби, Созақ, Сайрам аудандарында, Алатаудағы Кіші Алматы өзені бойында кездеседі. Ал «Айғыржал» атты жер атауы Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында, Қарағанды облысының Қарқаралы және Жаңаарқа аудандарында, «Қоңырат» деген елді мекен Түркістан облысының Жетісай ауданында бар. Шұбарайғыр, Бурылбайтал, Құлыншақ, Құлынды… деп тізбелей берсек, олардың саны бірнеше ондап саналады.

Қазақ – баласына да Торайғыр, Дөнентай, Құнанбай, Жабағы, Жылқайдар, Жылқышы, Жылқыбай, Құлыншақ деп ат қойған халық. Жер-су аты, адам есімі — осының бәрі де бабаларымыздың Қамбар ата түлігіне деген сүйіспеншілігінен туған атаулар.

                     Жылқыда да жылқы бар…

Әлемдік рекордтар қатарында жылқы түлігінің де жасаған мыңдаған рекордтары бар. Солардың бірқатарынан құлағдар етейік.

Кей деректерге қарағанда, дүние жүзі бойынша жылқының 350-ден астам тұқымы бар деседі. Ең кішкентайларының (понилар мен арнайы шығарылған миниатюралық аттар) бойы 35 сантиметрдің төңірегінде ғана. Ал ең ірілерінің бойы 2 метрден асады. Мысалы, Аргентина селекционерлері шығарған фарабелла тұқымды кішкентай аттардың бойы 35 сантиметрдің төңірегінде болса, салмағы 9 килоға дейін ғана тартады екен. Ал англиялық шаайр тұқымдас жылқының бойы 2 метрден, салмағы 1,5 тоннадан асады.

Жалпы алғанда, жылқылар әлемінде түр-тұлға, сипаты жағынан ғана емес, жеткен жетістігі жөнінен де түрлі рекорд иелері көп. Айталық, Англия астанасындағы хайуанаттар бағында 1982 жылы туған Тафф және Грифф есімді егіз ат өмір сүріпті. Олар 31 жасында Гиннестің рекордтар кітабына ендірілген, «зейнетке шыққанша» хайуанаттар бағына келген балаларды серуендетумен болған. (Жалпы, жылқының егіз тууы 1 миллионға 1 бас деңгейінде ғана, өте сирек кездеседі).

«Кәрі Билли» деп ат қойылған бір ат 62 жыл өмір сүріпті. Ол өмір бойы баржа тартуға жегілген, күндерінің соңына дейін бейнет шегіп өтіпті. 2021 жылы «қайтыс болған» бельгиялық Үлкен Джейк деген аттың бойы 2 метр 10 сантиметрден асқан екен. Тарихта аты қалған ең ауыр жылқы – шаайр тұқымды Самсон деген ат болған. 1846 жылы оның бойы 2 метрден асып, салмағы 1524 кило тартқан екен. Шетланд тұқымды Голден Шанте есімді бір понидің құйрығы өзінен ұзын болып, 4 метрден асқан екен. Ол да Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. 1949 жылы кедергілерден секіру жарыстары кезінде чилилік Альберто Моралес деген шабандоздың аты 2 метр 47 сантиметр биіктен секірген екен. Бұл рекордты әлі күнге дейін ешкім де жаңарта алмапты. Биелер ішінде туу жөнінен рекорд жасағандары да бар. Гиннестің рекордтар кітабына өз өмірінде 19 құлын туған бір бие енген екен.

Фусачи Пегасу деген айғыр 2020 жылы 70 миллион долларға сатылған. Ал Сауд Арабиясының бір ханзадасы кезінде өзі сатып алған бір сәйгүлікті 400 миллион долларға да бермеймін деп отыр екен. Оған арғымағы үшін 130 миллион доллар ұсынғандар болған деседі. Американың квортерхорст тұқымды сәйгүліктері әлемдегі ең жүйрік ат саналады. Қысқа қашықтыққа шабудан. Бірден жылдамдық алатын квортерхорсттар сағатына 88 шақырым жылдамдықпен жүйіткиді екен. Орыстың Владимирлік тұқымды бір биесі анау-мынау салмақтағы жүкті бұйым құрлы көрмейді. Бірнеше жүздеген кило тартатын затты бірнеше шақырымға дейін еркін сүйреп кете береді. Бірде ол 9 тонналық жүкті 420 метрге дейін сүйреп жеткізіпті.

Жылқы түлігінің ішіндегі ең төзімділері – құмды-шөлейтті, таулы және климаты суық аймақ жылқылары. Оларға араб сәйгүліктері, әйгілі ақалтеке, сондай-ақ кабардин, монғол, саха жылқылары жатады. Біздің қазақ жылқылары да табиғат қолайсыздықтарына шыдамды, аса күй талғамайтын, ұзаққа шаба алатын төзімді саналады. Ауыр жұмыстарға шыдайтын белі мығым, ұзақ жолға шыдамды болып келеді. Ал, ең сүттісі болып өзіміздің Мұғалжар жылқысы саналады. Олар күндігіне 20 литрге дейін сүт береді. «Литва ауыр салмақты жылқысы» деп аталатын жылқы тұқымы жылына 7  мың литрге дейін сүт бере алады екен. Бұл — кейбір сүтті сиырлардың рекордымен пара-пар өнім.

Дайындаған Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *