Шымкенттегі «Жұманов» атындағы көлік базарына апта сайын көлік іздеп Түркістан облысының аудандарынан бөлек көрші Жамбыл, Қызылорда облыстарынан да сатып алушылар мен сатушылар келеді.
Өткен жексенбіде осы базарды аралап көрдік. Қайнаған тіршілік. Кішкентай балалардан бастап, егде кісілерге дейін сауда жасап жүр. Қақпадан кірерде 5-6 сыныпта оқитын балалар «Продам» деген қағазды алып алдыңнан шықса, пісте, сусын, көже, самса, ыстықта киетін киім сатқандар кезек-кезек алдыңды орайды. Қолын жайып, қайыр сұрайтындар да жолыңды кес-кестейді. Оншақты тамақтану орны орналасыпты. Сатушылары шетінен сөзге шебер екен, «Оңға бар, солға бар, аузыңа салсаң өзі еріп кете беретін тамақты басқа жерден таппай, осында қайтып келесің!» деп өлеңдетіп жасаған жарнамасынан кейін қалай тамаққа тапсырыс беріп қойғаныңызды байқамай қаласыз.
Көліктің түр-түрі тізіліп тұр. Су жаңалары да, мінілгендері де бар. Көлік сатушылар да, сатып алушылар да бағасын сұрап жүр. Бірі сатып алу үшін, енді бірі өз көлігінің бағасын білу үшін. Қолтығына сөмке қысып алғанына қарап нақты сатып алушы шығар деген болжаммен жасы 55-тер шамасындағы Назым есімді апай мен оның баласын сөзге тарттық. «Қызылорданың арғы жағындағы Қазалыдан келдік, – деді ол кісі. – Көлік көп екен, басынан аяғына жете алар емеспіз. Біз сол 2,5 миллион теңгенің шамасындағы көлік іздеп келіп едік. Қозғалтқышы автомат болуы керек. Біз жақта таңдау аз, сосын сатушылар бір бағаны қойып тұрып алады, алсаң да, алмасаң да сол деп. Бұл жерде саудаласып, бағаны 500-600 мың теңгеге дейін түсіруге ммүкіндік бар екен. Базарда көлік көп болғанымен, барлығы ретсіз орналасқан екен. Негізі көліктерді бағаларына сай іріктеп қойса болар еді. Мәселен, бағасы 2-3-4 миллион теңге болатын көліктерді бір бөлек, қымбаттарын бір бөлек дегендей. Содан соң көліктерді ретімен қоятын орын сызып қойған да дұрыс екен. Алушылар қиналмас үшін «ВАЗ», «Мерседес», «ЕИА», «Хундай», «БМВ» «Тойота», «Кобальт», «Мазда», «Шевролет», «Ниссан», Қытай көліктері мен тағы да басқа машиналарды әр қатарға қойса, біз секілді келушілерге жеңіл болар еді. Әйтпесе, базардың ана басына бір, мына басына бір шығып, шаршап кеттік».
Назым апаның сөзінің жаны бар. Базар иелері қақпадан кіре берісте әр көліктен 2500 теңгені алып қалады да отыра береді. Сатушылар көліктерін тапқан орынға жайғастыруда. Екі көлік сиятын жерге көлденеңінен бір көлік қоя салғандар да бар. Реттілік жоқ. Тазалыққа да мән берілмеген. Шағылған пістенің қабығы, жеген тамақтың қалдықтары, қағаз қораптары, сусындардан босаған «баклашкалар» әр жерде шашылып жатыр. Әр қатарға қоқыс тастайтын ыдыс орнатып қойса, мұндай бейберекетсіздік болмас па еді? Қарап тұрсаң, базарда мыңдаған көлік бар. Олардан түсіп жатқан қаражат та аз емес. Әрине, салық төленіп жатқан болар, бірақ тәртіп пен тазалықты да ұмытпаған жөн.
Қазір базарлардың барлығы дерлік заманауи талап деңгейіне көшіп жатыр, яғни ашық аспанда емес, төбесі жабылып, азаматтарға қолайлы жағдай жасалуда. Оның іші барлығына қолайлы, таза болғаны жөн. Мұндай жағдай жасауға мүмкіндік болмаса, инвесторлар тарту керек. Қалай болғанда да базарға ақшасын төлеп кірген сатушылардың күз-қыста күні бойы қар-жаңбырдың, жазда шыжыған күннің астында тұрмауы тиіс. Бәлкім, бұл базарды ретке келтіруге жергілікті атқарушы билік те көңіл бөлгені дұрыс шығар.
Ұлықбек ҮМБЕТ.
