Көктемнің керемет сыйының бірі — қозықұйрық. Табиғи дәрумендерге бай бұл өсімдікті талғажау етуден бөлек терудің өзі бір ғанибет, серуен әрі демалыс.
Аңшының қансонарды күткеніндей, найзағайлы көктем жаңбырынан кейін даланы қаптайтын қозықұйрықты теретіндердің арасында бір маусымдағы тапқан табысына көлік алып, үй тұрғызатындар да бар екен. Базардағы қаншама сатушы қозықұйрықтың арқасында мол табыс тауып, әлеуметтік жағдайын жақсартып алуда. Дегенмен, қозықұйрық та жылда көп шығып жұртты қарық қыла бермейді. Мысалы, биыл ол аз. Әдетте сәуір айында кез келген базардың бұрыш-бұрышынан табылатын қозықұйрықты бүгінде базар аралап жүріп әзер табасыз.
Қайбір күні қозықұйрық алу үшін Орталық Қырғы базарға барсақ, екі жерде ғана сатылып тұр. Оның өзі табиғи ма, әлде жылыжайда өсірілген бе, біле алмадық. Бағасы 3-3,5 мың теңге аралығында екен. Одан әрі «Жабық базарға» бардық. Мұнда қозықұйрық сатып тұрған Нұртас есімді азаматты әңгіме тарттық. «Қаратаудан келдім, – деді ол кісі. – Биыл қуаңшылық болып, қозықұйрық аз шықты. Баға содан қымбат. Таңертең келісін 4 мың теңгеден, қазір ірісін 3,5 мың, ұсақтарын 3 мың теңгеден сатып отырмын».
Иә, биыл шынында да қозықұйрық аз екені бірден байқалады. Бұрындары «Газель» жүк көліктеріне толтырып артып келіп, ертемен көтерме саудаға беретіндер көп болушы еді. Биыл сатушылар жеңіл көліктің жүк салғышын да толтыра алмауда. Қозықұйрық шынында да қуаңшылық салдарынан аз шықты ма, әлде басқа себебі бар ма, осы жайында бұл өсімдіктің жай-күйін жақсы білетін шардаралық оқырманымыз Әділ Әбдірамановқа хабарласып көрдік. «Қозықұйрықтың найзағайлы жаңбырдан кейін көп шығатыны жайлы айтылады. Бірақ, шын мәнінде оған көктемгі жаңбырдың тікелей әсері бар ма, жоқ па оны нақты білмедім. Неге десеңіз, қайбір жылы да қуаңшылық болғанына қарамастан, қозықұйрық көп шыққан болатын. Ал биыл аз. Өткендегі жаңбырдан кейін үш адам болып қозықұйрыққа шығып, болмашы ғана теріп алдық. Бұрын дәл сол жерлерден қаптап жинайтынбыз. Бұл маңда қозықұйрықтың қозықарын деген түрі де да өседі. Етті, томпақ болып келетін қозықарынды табу өте қиын. Бұл өзі құмда да, тауда да, орманда да өсе береді. Ең тәттісі құмшауыт жердегі кеурекке жақын өсетіндері. Шаян жақта да қозықұйрық көп өсетін. Биыл ондай емес. Жалпы, қозықұйрық терудің өз рахаты бар. Себебі бұл таза табиғат аясындағы демалыс, өзіңмен өзің сырласу. Әсіресе шығармашыл адамдар үшін таптырмас демалыс және санада жаңа идеялар туатын керемет саяхат».
Иә, табиғат мезгілінің әр сәті кереметтерге толы. Ал, қозықұйрық науқаны біреулерге – табыс көзі, ал біреулерге – сана сергітер демалыс. Ең бастысы – ағзаға пайдалы тағам. Ендеше, көктемде ғана өсетін табиғи қозықұйрықтан құр қалмайық!
Ұ. БЕК.
