Жақыны қайтыс болып, қайғы жұтып жатқан үйде жаназа күні тамақ берілмейді.
Бұл пәтуаны кейбір ауылдар сақтағанымен, кейбірі молданың айтқанына құлақ аспай, ішкі үйде әйелдер жылап-сықтап, сырттағы ер азаматтар марқұмды ақтық сапарға шығарып салу қамына кірісіп жатқанда, қарын нәпсісін ойлап, алыстан аспаз жалдап, қазан-қазан палау басып, түтін бұрқыратып жатады. Ең қиыны, «осылай емес пе еді?» деп айтқан ескертуіңе не молда, не ағайын құлақ аспай, сені күстаналайды. Күйттегендері — құлқын қамы, «елден ұят қой» деген сасық намыс.
Бұл аз болса, біздің жақта ауыл адамдары қайғы жұтқан үйге жаназа күні құшақ-құшақ сүлгі, 20-30 кілем алдыртып, бақұлдасуға келгендерге жеке-жеке таратып, өздері таласа-тармаса бөлісіп алатын болған. Осындайға тыйым салып, ақыл айтуы тиіс ата сақалы ауызына түскен ауыл ақсақалдары беттері бүлк етпестен қаралы үйдің кілемін алып, қолтықтарына қысып, аударылып-төңкеріліп үйлеріне қайтып бара жатады. Мұны байқап тұрған ауыл молдасы үй иесі беретін азын-аулақ нәпақаны пайда көріп, білсе де білмегенсіп үндемейді.
Кейінгі кезде марқұмның жеті күндік, қырық күндік, жылдық асы да салтанатты той дастарханына айналып бара жатқандай. Бір-бірімен бәсекеге түскен ағайын кредит алып, қарызға батса да, құс сүтінен басқаның бәрін қаралы дастарханға қояды. Кәмпиттің неше атасын, өрік-мейіз бен шұжық, жал-жаяны сол дастарханнан табасыз. Тіпті, бейсенбілігіне жайылатын шағын дастархан да той мәзірінен бір мысқал кем түспейді.
Ең сорақысы, қайғыны бөлісуге келген жұрт, әсіресе әйелдер жағы, ішіп-жегенімен қоймай, дастарханды жым-жылас етіп бөліп алып, пакет арқалай қайтатыны.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев осы жағдайға байланысты: «Қаралы үйден тағам алып, соны үйіне апара жатқан адам өзімен не әкетіп бара жатқанын білер ме екен? Бір шаңырақта адам о дүниелік болып жатқанда, сол шаңырақтан түйір дәм алу жақсы нәрсе емес. Себебі, қаралы үйден шыққан тағамнан қан тамшылап ағып тұрады. Ал қан тамшылап тұрған тағамды үй-ішіңе апарып жегізу – сол қаралы үйде болып жатқан қайғыны өз шаңырағыңа да жұқсын деп тілегенмен бірдей» деген еді.
Қаралы жиыннан пакет арқалап, үйге асығып бара жатқан қатын-қалаш! Тойдан алдың, қой демедік. Жиыннан алдың, қой демедік. Енді қаралы астан қара шаңырағыңа апара жатқан қаралы пакетіңе жол болсын? Ойлан…
Бекжігіт Сердәлі, журналист