Бүгінгі күні елімізде жаңа піскен көкөністерді, жидектерді және бақша дақылдарын белсенді сату маусымы басталды. Қазіргі заманғы нарық олардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Өнімді таңдаудың алуандығында сапасыз тауар сатып алмау үшін қырағы болу керек.
Өндірушілер тыңайтқыштарды рұқсат етілген дозаларынан артық қолданып жіберуге тырысады, өткені тез арада піскен өнім алғысы келеді. Алайда осындай тәсілмен өсірілген өнім әрдайым пайдалы бола бермейді.
Нитраттар, азот қышқылының тұздары адам ағзасында нитриттерге айналады, ол организмге зиянын тигізеді. Егер организм нитриттерге толып кетсе, бұл уланудың ауыр түрлеріне әкеледі. Бұл жағдайға көбінесе балалар мен жүкті әйелдер сезімтал келеді.
Шымкен қаласы Абай ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы көкөніс-жеміс өнімдерінен улану жағдайларының алдын алатын төмендегі қарапайым қағидаларды халыққа ұсынады:
- өнімдерді азық-түлік базарларынан, супермаркеттерден және арнайы дүкендерден сатып алған жөн. Жайма базар орындарынан сатып алмаңыздар!
- өнімді сатып аларда, сіз сатылып жатқан өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды (сәйкестік туралы декларация) сұрату керек;
- нитраттың тұтынылатын мөлшерін азайту үшін көкөністер мен жемістерді қабығынан, тамырларынан, сабақтарынан мұқият аршыңыз.
- кесілген қарбызды сатып алмаңыз. Қарбыздың бетіндегі кір пышақпен кескен кезде ішіне оңай түседі;
- өнім қабығының бүлінбеуіне назар аударыңыз! Оның жарылмаған, соғылмаған, майыспаған болуы өте маңызды, өйткені соғылған қарбыздың іші тез бұзылады;
- кесілген өнімдерді тоңазытқышта бір күннен артық сақтамаған жөн;
- жемісті қабыққа дейін жемеңіз, нитраттардың көпшілігі қабыққа жақын және сабақтарында болады.
Г.Пайзиева,
Шымкент қаласы Абай ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы