Шымшаһарда соңғы жылдары жылыжай шаруашылығына деген қызығушылық арта түскен. Дихан қауымы бұл саладан табатын табыстың да аз еместігін алға тартуда. Агроөнеркәсіптік сектордағы мұндай серпінді қадам мегаполистің экономикасын дамытуға да үлес қосуда.
Дәл қазір Шымкент қаласының аумағында 209 гектар жылыжай кешені жұмыс істеп тұр. Оның 71 гектары өнеркәсіптік жылыжайларға тиесілі. Аталған кешендерден жылына шамамен 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және тағы басқа да көкөніс түрлері жиналады. Өнім ішкі нарықта ғана емес сыртқа да шығарылып, саудалануда. Бұл, әсіресе, ішкі нарықта бағаның тұрақтануына септігін тигізеді.
Кәсіпкерлердің соңғы кезде жылыжай шаруашылығына қызығып отырғанының тағы бір себебі – салаға қатысты мемлекеттік қолдау көлемінің жылдан жылға артып келе жатқаны. Елімізде ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік жылыжай шығынының 25 пайызы мемлекет тарапынан төленеді екен. Одан бөлек, төмен пайызды несиелеу бағдарламасы да кәсіпкерлерге қолдау болып отырғаны рас. Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы шеңберінде сатып алынған тұқым мен тыңайтқыштарға жұмсалған шығынның тең жартысын мемлекет тарапынан өтеу қарастырылған. Мысалы, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринариялық басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, 2023 жылы құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын 2 жылыжайдың жұмысын жандандыру қолға алынған. Атап айтқанда, «Отан агро» ЖШС мен ЖК «Татьяна» кешендерінің жобасы табысты еселей түсуге үміттендіреді. Аталған жылыжай кешендерінен жылына 800 тонна құлпынай жиналады. Басқа да көкөніс түрлері өсіріледі. Бәрі де экологиялық жағынан таза өнім санатындағы көкөніс болғандықтан сұранысқа жиі ие болары сөзсіз. Себебі, дәмі керемет, тәтті құлпынайларды тұтынушылар Шымкенттен ғана таба алады. Бастысы, мұнда 30-дан астам азамат жұмыспен қамтылады.
Жасыратыны жоқ, қазақстандық нарықта негізінен сауда сөрелерінде импорттық құлпынайлар көп-ақ. Әсіресе, Қырғызстаннан келетін жеміс-жидек жаулап алған. Бірақ, тұтынушылар тарапынан отандық өнімге деген сұраныс жоғары. Дәміне қарай талғампаздық танытатын тұтынушы өзімізде өсірілген құлпынайды іздейтіні бар. Мамандар бүгінде бұл мәселені шешуде жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту және өнімділігін арттыруда үлкен жобаларды қолға алып отыр. Жоғарыда аты аталған жылыжай кешендері сияқты ірі жобалар арқылы қала халқын отандық өніммен қамтуға мүмкіндік артады дейді мамандар.