Лептоспироз – адамдарда, сүтқоректілерде және құстарда кездесетін тез жұғатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы – Leptospira бактериясы. Лептоспироз ауруы бауыр, бүйрек және майда қан тамырларын зақымдайды.
–Лептоспироз қоздырғышы көбінесе батпақты жерлерде және өте ылғалды аймақтарда кездеседі. Лептоспироз тағамдық өнеркәсіп мекемелері қызметкерлерінің, шахтерлердің, қалалық қоқыс тазалаушылардың, ветеринарлар және ит питомнигі жұмысшыларының арасында жиі кездеседі. Ауру таратушы, яғни инфекция көзі — дала және су тышқандары, егеуқұйрықтар, үй жануарларынан — ірі қара мал, шошқа және иттер, — дейді Шымкент қ. СЭБД басшысы Ә.Төлебаев.
Аурушаңдық үш түрге бөлінеді:
- интерогеморрагиялық лептоспироз (дене сарғаяды) немесе Васильев-Вейль ауруы ;
- каникол лептоспироз (денеде қан құйылу байқалады);
- «су қызбасы».
Лептоспира бактериялары тасымалдаушы жануарлардың бүйрегінде өсіп-өніп сақталады, сыртқы ортаға несебімен шығады. Лептоспира адамдарға лептоспира бактерияларымен ластанған су, топырақ, ас тағамдары, тұрмыстық және мал өнімдерін өңдейтін өндірістік қалдық заттармен ауыз қуысы, мұрын, көз шырышты қабығы және зақымданған тері арқылы жұғады. Аурудың жасырын кезеңі орта есеппен 7-13 күнді қамтиды. Сонан соң науқастың бірден дене қызбасы 39-40°С-қа көтеріледі, науқас қалтырап, бұлшық еттері қатты ауырады, көзі қызарады, лоқсып құсып, ұйқысы қашады. Ауру асқынғанда сандырақтап, мұрнынан қан кетіп, ерін, мұрын айналасына ұшық шығады. Бауыры ісінеді, денеге бөртпе шығады, дененің сарғаюы байқалады. Ауруды дер кезінде емдемесе, соңы өлімге алып келуі мүмкін.
Лептоспироз ауруына шалдықпас үшін, келесі сақтық шараларды қатаң сақтау керек:
- жеке бас гигиенасын қатаң сақтау;
- ауыз судың сапасын бақылау;
- ауылшаруашылық малмен жұмыс барысында, қорғаныш заттарын пайдалану;
- тек рұқсат етілген орындарда шомылу.
Ауру белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Егер барлық қауіпсіздік шаралары сақталса, лептоспироз ауруын жұқтырудан сақтануға болады.