Қызылша – ауа жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланыста болса, жұқтырып ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары.
Ауру байланыс және ауа арқылы ауа-тамшы жолымен таралады. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде түкірікпен бөлінеді.
Инкубациялық кезеңнің 2-күні мен бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күн аралығында ауырған адам инфекция көзі ретінде айналадағыларға қауіпті таратушы болады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.
Ең маңыздысы – ауру суық тию белгілерімен басталады, белгілері:
-дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюнктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), беттің шырышты қабығында (азу тістерінің тұсында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылады..
Қызылшаның асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.
Әрбір суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек. Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұйымдасқан ұжымда тіркелген жағдайда, ауру ошағын бұғаттап, әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізу маңызды.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Егу тұрақты иммундық қорғанышты қалыптастырады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егілмеген адамдарға эпидемиологиялық көрсетіліммен 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады.
О.Абдукаримов, Әл-Фараби ауданының СЭББ бас маманы.