Су көздерін тиімді пайдалану, суды үнемдей білу мәселесі елімізде күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінің маңыздылығын ұдайы тілге тиек етуде. «Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті, бізге оның алдын алу қажет. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал» деген-ді ел Президенті.
Еліміз бойынша ауылшауарашылық саласы судың 65 пайызын пайдаланады екен. Мамандар оның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кететінін айтады. Мұндай ысырапшылдық экологиялық апаттарға да ұрындыратыны сөзсіз. «Суару арналарын ауқымды реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды дербес басқаруға көшу, суды есепке алуды автоматтандыру, су ресурстарын пайдалануға квоталарды енгізу жоспарланып отыр. Осы мәселелердің барлығы сапалы нормативтік-құқықтық және заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзен суларының тең жартысы Қазақстанға сырттан келеді. Шаруа үшін жаз айларында ағын судың маңызы жоғары. Десе де оны үнемді, тиімді пайдалану қажеттілігі туындап тұр. Шымкенттік шаруалар үшін тамшылатып суару әдісінің тиімділігі жиі түсіндірілуде. «Otan Agro» ЖШС-ның директоры Берік Орынтаевтың айтуынша, бұл әдіс суды ғана емес еңбек күшін де үнемдеуге негіз болады.
– Елімізде Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстары су тапшы өңірлерге жатады. Президент тапсырмасына сәйкес, су ресурстарын үнемдеу жобасы қолға алынған. Қазір заманауи технологияларды қолдана отырып, егіншілікте судың 50 пайызын үнемдеуге болады. Ең тиімді жолы – тамшылатып суару. Оның да автоматтандырылған және механикалық секілді түрлі тәсілдері бар. Жуырда Қытайдың Сиань қаласына іс-сапарға барған кезде сол қаланың үлкен агро-инновациялық орталығында болдық. Ол жерде «AGRECOM» деген заманауи кәсіпорынның технологиясымен танысып, жақын арада осы компанияның тамшылатып суаратын технологиясын Қазақстанға, оның ішінде Шымкентке әкелуді жоспарлап отырмыз. Су ресурстарын үнемдеу бойынша мемлекет тарапынан өте ауқымды іс-шаралар басталап жатыр. Соның ішінде суды жер серігі арқылы ғарыштан есептеу жұмысы қолға алынған. Нәтижесінде қолдағы бар суды есептеп, оның қажеттілік деңгейі анықталып, су тапшылығы тамшылатып суару арқылы жойылмақ, – дейді Берік Сабитұлы.
Шаруалар үшін мол өнім алу суға тікелей байланысты екені рас. Десе де тамшылатып суарудан өнім көлемі артпаса кемімейтінін мамандар дәлелдеуде. Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы бағытында пайдалануға жататын 27 мың гектар жер бар. Онда егін егіп, бау-бақша өсіріп, өнім алып отырған шаруалар күні-түні еңбек етуде. Сала мамандары тіпті үйіргелік жерге де тамшылатып суару әдісін қолданып, жылына 2-3 өнім алуға болады деп отыр.
Ауыл шаруашылығына қажетті органикалық тыңайтқыштар мен техникалар, көкөніс тұқымдары, суару жүйесінің көрмесінде тамшылатып суаруға қажетті заманауи технологиялар да шаруалардың назарына ұсынылып келеді. Мысалы, Шымкенттегі «Нұр» шаруа қожалығының 1 гектер алқабына тамшылатып суару әдісі ендіріліп, тәжірибе жасалған. Нәтиже жаман емес. Салат жапырақтары, көкөніс дақылдары жайқалып тұр.
Оңтүстік өңірін, соның ішінде Шымкент қаласындағы егістік алқаптарына да Сырдария өзенінен су келеді. Оның суы бүгінде егіншілікте ғана емес, өндіріске де пайдалануда. Қайта өзенге жіберілетіні Сырдарияның суының қолданыс аясы 150 пайызға жететінін мамандар алға тартуда. Жазда көрші елден ағып келетін өзеннің деңгейі төмендеп, қаладағы шаруалардың пайдасына аспай қалатыны бар. Олай болса, судан таршылық көрмес үшін тамшылатып суару әдісі тапшылықтан құтқаратын бірден бір жол. Ала жаздайғы еңбектің өтеуі — мол өнім суға тікелей байланысты. Ал су тапшылығы жылдан жылға күрделеніп барады. Мамандар Шымкенттің шаруалары тамшылатып суару әдісіне көшкенін жөн дейді. Базары тарқамаған, сөресі балғын көкөніске толы мегаполистің шаруалары үшін сонда ғана шығын азаймақ.
Ж.Ержанова