Қалдықтар-қоршаған ортаны ластаушы көз болып саналады. Жер бетіндегі зиянды заттардың жинақталған массасы топырақ жамылғысына, өсімдіктерге, жерүсті және жер асты суларына жағымсыз әсерін тигізеді. Қоқыстар жинаған кезде астмосфераға өте көп улы заттар бөлініп, тыныс жүйесі аурулары мен репродуктивті және иммундық жүйелердің ауытқуларына әкеліп соғуы мүмкін. Осы ретте қала тұрғындарына қалдықтарды жинау, пайдалану, қолдану, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар туралы жалпы түсінік бере кеткім келіп отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауды мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады. Тұрғын үй аумағында көлік кіретін жерлері бар, қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді орналастыру үшін арнайы алаңдар бөлінеді. Алаңға қатты жабын жабылады және үш жағынан қалдықтардың желмен таралу мүмкіндігін болдырмайтын биіктікте,яғни кемінде 1,5 м биіктікте қоршайды. ҚТҚ жинауға арналған контейнерлер қақпақтармен жабдықталады. Контейнер алаңы тұрғын үй ғимараттарынан кемінде 25 м қашықтықта орналастырады. Қалыптасқан құрылыс салынатын аудандарда санитариялық ажырауларды сақтау мүмкіндігі болмаған кезде қашықтықтар жергілікті атқарушы органдардың, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің, объектілердің меншік иелерінің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен комиссиялық түрде белгіленеді. ҚТҚ-ны жинау үшін абаттандырылған тұрғын үй қорында контейнерлерді қолданады, ал жеке үй иеліктерінде қақпағы бар еркін конструкциядағы ыдыстарды пайдалануға жол беріледі. ҚТҚ контейнерлерінің меншік иесі контейнерлерді пайдаланатын халықтың санына, қалдықтардың жиналу нормаларына, олардың сақталу мерзіміне байланысты орнатылатын контейнерлердің санына жүргізілген есептеуді ескере отырып орналастырады. Контейнерлердің есепті көлемі қалдықтардың іс жүзінде жиналуына сәйкес келуі тиіс.ҚТҚ-ны шығару уақтылы жүзеге асырылады. Контейнерлерде қалдықтарды сақтау мерзімі 0оС және одан төмен температурада үш тәуліктен, температура плюс болғанда бір тәуліктен аспауы тиіс. Тұрғын үй аумағындағы контейнер алаңына іргелес аумақты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығымен бекітілген Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10886 болып тіркелген) көрсетілген периметрі бойынша жоспарлы-жүйелі санитариялық тазарту және қажеттілігіне қарай жүргізіледі. Контейнерлік алаңдарды және контейнерлерді пайдаланатын және оларға қызмет көрсететін ұйымдар: контейнерлік алаңдарды, контейнерлерді және оған іргелес аумақтарды тиісті санитариялық күтіп-ұстауды қамтамасыз ете отырып, оларға уақтылы жөндеу жүргізеді және одан әрі пайдалануға жарамсыз контейнерлерді ауыстырады. Қоқыс қабылдайтын камералардың, алаңдардың, сондай-ақ қалдық жинағыштардың тұрақты жуылуын, дезинфекциялануын, шыбындарға, кеміргіштерге қарсы дезинсекциялануын, дератизациялануын қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдайды. Бұл шаралардың барлығын арнайы мамандандырылған ұйымдар жүргізеді. Ал тұрғындарға қойылатын талап қатты тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет тастамай, тек арнайы қоқыс контейнерлеріне шығаруды қолға алуы қажет. Ал жеке үй тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықтарды тастау үшін өз үйінің тұсына қақпағы бар еркін конструкциядағы ыдыстарды орналастырғаны дұрыс. Сонда қатты тұрмыстық қалдықтардың желмен таралуы немесе мысық, иттердің шашып кетуінен сақтандырылады.
Гухар Рахметова, Шымкент қаласы Қаратау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.