Әлеумет Қоғам

Туберкулездің алдын алудағы негізгі жол…



Манту сынамасы, БЦЖ екпесі – туберкулез ауруының алдын алудағы негізгі жолы

Туберкулез ауруы – туберкулез таяқшасымен (Кох бацилласымен) шақырылатын жұқпалы ауру. Туберкулез көбінесе тыныс алу жолдарын зақымдайды, бірақ өкпеден тыс түрлері де кездеседі. Олар тері, лимфа түйіндері, сүйек, бүйрек, көз, кеуде қуысы мүшелері, орталық нерв жүйсі және тағы басқа мүшелердің туберкулезі.

Туберкулезді ауру адамнан ауа-тамшы жолы арқылы (науқастанған адаммен сөйлескенде, түшкіріп, жөтелгенде); туберкулез қоздырғышы бар түкірік пен сілекеймен ластанған заттармен қатынасу кезінде жұқтыруға болады, себебі Кох бацилласы сыртқы ортада белсенділілігін ұзақ уақытқа дейін сақтай алады. Туберкулез таяқшасы, әртүрлі заттарда, киімдерде, кітаптарда 5-6 айға дейін сақталады.

Туберкулез ауруының алғашқы белгілеріне тоқтала кетейік:

 — 2 апта бойы жөтелу,

—  асқа тәбеттің төмендеуі,

— салмақ тастау,

— түнгі тершеңдік,

— дене қызуының 37,0-ден 37,5-ке дейін көтерілуі,

— әлсіздік пен шаршағыштық,

— көкірек тұсының ауруы, шаншуы

— қан аралас қақырық тастау.

Жоғарыдағы аталған туберкулез ауруының алғашқы белгілерін өзіңізден байқаған  жағдайда дереу дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн. Туберкулезді дер кезінде диагностикалау жөтел кезінде бөлінетін қақырықтан микробтардың бар-жоғын бактериоскопиялық зерттеу арқылы анықтайды.

 Туберкулездің алдын-алуын айта кетсек

  1. Жаңа туылған сәбиге  БЦЖ вакцинасы егіледі,
  2. 6-7 жаста Балаларға Манту сынамасы салынып, теріс нәтиже анықталған жағдайда қайта БЦЖ вакцинасы егіледі.

2. Ересектерге жылына 1 рет флюорография, рентгенологиялық тексеру жүргізіледі.

 Туберкулезден қорғанудың негізгі жолы – оған қарсы егу болып табылады.

 БЦЖ деген шеттілінен аударғанда BCG – Bacillus Calmette, яғни Кальмет-Геренбациласы дегенді білдіреді. Бұл туберкулезге қарсы егілетін тірі, вакцина, оның негізгі мақсаты – туберкулез таяқшасына қарсы,  бала ағзасының қарсылығын(иммунитетін) жоғарылату; Аурудың ауыр түрлері – туберкулезді менингит, буын мен сүйектердің зақымдануы мен өкпенің зақымдануының қауіпті түрлерінің дамуын алдын алады; балалар арасындағы аурушандылықтың төмендеуіне ықпал етеді. Осының барлығының маңыздылығын ескере отырып, нәрестелер арасындағы БЦЖ екпесі неғұрлым ерте, екпеге қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда – перзентханаларда жасалады. Перзентханада қандай да бір себеппен егілмеген балалар, тұрғылықты мекенжайына қарасты емханасында егіледі. БЦЖ екпесімен егілген балалардың ағзасында көбінде иммунитет 5-7 жыл бойы сақталады, сондықтан баланың 6 жасында (1сынып) БЦЖ екпесімен егуді қайта жасайды (Манту сынамасының теріс нәтижесінде).

Туберкулездің алдын-алу мақсатында Кальмет-Геренбацилласы вакцинасымен қайта егу:

Манту сынамасының теріс нәтижесінде дені сау егілмеген 6 жастағы (1сынып)  балаларға республика бойынша бірмезетте оқу жылының бірінші айында (қыркүйек) оқу орнында (мектепте) жасалады. Бұл айда мектептерде басқа екпелерді жасауға тиым салынады.

Манту не үшін қажет?

Манту реакциясы деген не?

Мантуды көпшілік екпемен (прививка) шатастырып, оны қабылдаудан бас тартып жатады. Манту – екпе емес. Ол – ағзада туберкулез жұқпасының бар-жоғын көрсететін сынама немесе тест. Манту сынамасын орындау кезінде дәрігер тері астына туберкулин (туберкулез микробактериясының сығындысы) жібереді. Дәрі жіберген жерге туберкулез қоздырушыларымен байланыста болған лимфоциттер ғана бағытталады. Дәрігер үш күн өткен соң терінің тығыздалуының өлшеміне қарап, туберкулездің бар-жоғын анықтайды. Алайда балада салынған Манту сынамасынан оң нәтиже анықталған жағдайда Диаскинтест қойылады.

Диаскинтест деген не?

Диаскинтест – ағзадағы туберкулез қоздырғыштарының бар-жоғын анықтайтын сынама. Оның Мантудан айырмашылығы, бұл тест БЦЖ екпесімен байланысты реакцияны көрсетпейді. Сондықтан оны жасау кезінде өтірік оң нәтиже ешқашан шықпайды.

Егер Диаскинтест оң болып шықса, баланы емделуге жібереді. Себебі, ол 100% сенімділікпен туберкулезбен ауырады немесе ауру жасырын түрде өтіп жатқанын білдіреді. Сондықтан емді ертерек бастаған жөн.

Созылмалы аурулармен ауыратын балалар, дені сау балаларға қарағанда екпені ерекше қажет етеді, себебі ауру балаларда туберкулезді емдеу ауыр және ұзақ уақытты қажет етеді, ал егу процесі баланың ағзасы үшін жеңіл өтеді.

Екпе дамыған елдерде денсаулық сақтаудағы таза ауыз судан кейігі бірден бір маңызды мәселе болып табылады. Екпе ол аурушандылықты төмендету мен жұқпалы ауруларды алдын – алудың ең тиімді құралы. Қазіргі уақытта екпенің көмегімен әртүрлі  аурулардың алдын алып отыр.

            Қазақстанда екпемен иммундау – балалар арасындағы жұқпалы аурулардың деңгейін төмендететін ең тиімді әдістердің бірі болып табылады, бұл көптеген жылдардың тәжірибесімен дәләлденген және халықтың эпидемиологиялық қолайлылығын қамтамасыз ететін еліміздің мемлекеттік саясатының деңгейінде тұр.

Әр бір бала екпе алып, мықты денсаулықпен өмір сүруге құқылы. Сондықтан дұрыс таңдау жасаңыздар!!!

Б. Идияева, Шымкент қаласы Қаратау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *