Біле жүріңіз

Ішек инфекциясы кең таралмасын десек…


Шымкент қаласында күнделікті тұрғындар арасында жіті ішек инфекциясының тіркелуі жалғасуда.
Жіті ішек инфекциясы деген ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобы. Жіті ішек инфекциясының қоздырғыштары сыртқы ортаға өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ қасық, тәрелке, есіктің тұтқасы, ойыншық және т.б. заттарда сақталуы мүмкін. Микробтар суда, сүтте, сүт өнімдерінде, салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде көбейеді.
Ағымдағы жылдың 8 айында статистикалық мәліметке сүйенсек, тұрғындар арасында 571 жағдай тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (618 жағдай) аурушаңдық 13,5%-ға төмендеген. Ал, ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында биыл 398 жағдаймен 69,7%-ы ауырған.

Жіті ішек инфекцияларының қоздырғыштары адам ағзасына қалай түседі?
Ең бастысы, лас қол, лас су және микроб түскен азық-түлік, жуылмаған немесе таза жуылмаған жеміс-жидектер, науқас пайдаланған заттар арқылы (ыдыс, киім-кешек, төсек-орын, жеке басының құралдары) жұғады.
Құрамында қоздырғышы бар қайнатылмаған суды, сақталуы бұзылған дайын тағамдарды пайдалану арқылы (сүт және сүт тағамдары, салаттар, ет пен ет өнімдерінен дайындалған тағамдардан, паштет, тоңба (холодец)) жаппай жіті ішек жұқпалы ауруына ұшыраулары мүмкін. Жіті ішек ауруымен ауырған науқасты күту кезінде және ластанған сумен қол жуғанда, жеке басының тазалығын сақтамағанда қолға қоздырғыш қонады.
Қазіргі уақытта ішек ауруларының көбі тағаммен байланысты және де олардың саны жаз-күз мезгілдерінде артты, себебі бұл уақыттарда жеміс-жидектер көп қолданылады.
Бұл аурулардың тарауына шыбын-шіркейлер үлкен әсерін тигізеді, олар дизентерия, сүзек, қылау қоздырғыштарын тасымалдайды.
Клиникалық белгілері:
• Іштің ауыруы;
• Құсу, іш өту;
• Дене қызуының көтерілуі;
• Әлсіздік, тәбеттің төмендеуі.
Құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Әсіресе, ағзаның сусыздануы балалар мен қарияларға өте ауыр өтеді, асқыну жағдайы көбірек болады.
Жіті ішек инфекцияларының алдын алу шаралары.
Ауырған науқастарды және осы ауруға күдікті науқастарды уақтылы дәрігерге дер кезінде көрсетіп, тағайындаған емін алу. Науқастың ауырлық жағдайына қарай ауруханаға жатқызуын немесе амбулаториялық емделуін дәрігер шешеді. Үй жағдайында амбулаториялық шұемделген кезде жеке бастың тазалығын қатаң сақтап, қоршаған ортаны ластамауға, көпшілікке жұқтырмаудың амалдарын қарастыру керек.
Әр ауырған науқас өз бетінше емделуден аулақ болуы керек! Тек дәрігер ғана дұрыс диагноз қояды, емдеу жолын қарастырып, емдеуді тағайындайды және қолайсыз жағдай тудырмаудың жолын біледі.
Жіті ішек ауруларының алдын алуда тұрғылықты жерлердің, үй маңының тазартылуы маңызды рөл атқарады.
Жеке бас тазалығының ережелерін сақтау, ас дайындар, тамақ ішер алдында, дәретханадан кейін қолды өте мұқият тазартып жуу,
Әсіресе, тез бұзылатын кондитерлік өнімдерді, әр түрлі салаттарды, дайындалған ыстық тағамдарды, азық-түліктерді тоңазытқышта дұрыс сақтау, жеміс-жидектерді пайдалану алдында тазартып жуу және қайнаған сумен шаю, шыбындарды жою жіті ішек ауруларының алдын алады.
Тамақты дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау ережелерін және жеке бас тазалығын сақтағанда ғана адам өзінің және жақындарының жіті ішек инфекциясы ауруларынан қорғай алатынын ескертеміз!
Ә. Төлебаев, Шымкент қ. СЭБД басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *