Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров пен ҚР АШМ Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және АӨК-ні цифрландыру департамент директоры Бернат Алпысбеков апта басында салаға қатысты қызметтерді дамыту мен түсіндіру жұмыстары бойынша алқалы жиын өткізді.
Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несие беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша басқарма мамандарына біліктілік сабағын өткізді. Бұл орайда «Gosagro.kz» субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі бойынша АӨК субъектілері мен қаржы ұйымдарына кеңінен түсіндіру шарасын да қолға алу тапсырылды. Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша 2022 жылдың резервіндегі ұсыныстарға келісім шарт түзу процесіндегі мәселе жан-жақты талқыланып, «Gosagro.kz» субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі (бұдан әрі СМАЖ) бойынша оңтайландырылған жұмыс барысын қалыптастыру жайы сөз болды.
Оқырманға бұған дейін де айтқанымыздай елімізде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған» Ұлттық жоба қабылданған. Соған сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында қолға алынған біршама нақты жобалар жүзеге асуда. Шымкенттегі тындырымды тірліктердің нәтижесінде Ұлттық жобада айтылғандай – еңбек өнімділігін екі есеге арттыру, ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайту, ішкі нарықты әлеуметтік азық-түлік тауарларымен қамту арқылы агроөнеркәсіптік кешенін құру бойынша қол жеткізген табыстар аз емес.
Қала аумағында ауылды тұрғын үй алаптарында мал ұстап, егін салуға мүмкіндік мол. Қалалық басқарма тарапынан шаруаларға қолдау көрсету жұмыстары жандана түскен. Басқарма басшысының айтуынша, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жобасына сәйкес, 2023 жылғы 11 индикатор бекітілген. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру, осы салада еңбек етіп отырған шаруалардың еңбек өнімділігін жоғарылату, өнім экспорты мен қайта өңделген тауарлардың саудасын күшейту, мал экспортын ұлғайту, алма бауы, тауық еті мен жұмыртқа өндірісін қолға алу секілді көрсеткіштер бар. Басқарманың биылғы жартыжылдық есеп беру көрсеткіштерінде толайым табысқа қол артқан нәтижелі жұмыс бары аңғарылады.
Айта кету керек, қала аумағындағы 6 мыңға жуық шаруа қожалығында 7 мыңнан астам тұрғын еңбек етеді. Шаруалардың басым бөлігі мал бағып отыр.