Шымкент

«Жайлы мектептердің» жайы күн тәртібінен түспейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деген болатын. Шымкентте осы жоба аясында 25 мектептің құрылысы қолға алынып отыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов ұлттық жобада айтылған талаптарға сай келуі үшін аталған мектеп құрылысын өз бақылауында ұстайды. 25 мектептің биыл 12-сі пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл 17300 баланы жайлы мектеппен қамту деген сөз.

Президент бұл жобаны жүзеге асырудың нақты мерзімін де ұсынған-ды. Ол: «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», — деді. Яғни, Шымкент қаласындағы жоба аясында қолға алынған 25 мектептің қалған 13-і 2025 жылы пайдалануға беріледі. Бұл кезде тағы да 20400 бала сапалы, заманауи мектепте білім алатын болады.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі мектеп құрылысына жауапты басқарма басшыларының қатысуымен өткен басқосуда салынып жатқан нысандарды инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамту жұмыстары бойынша есеп алды. Сала мамандары жұмыс барысымен таныстырып, түйіткілді мәселелерді ортаға салды. Қала басшысы жоспарланған мектеп ғимараттарына қажетті табиғи газ, электр, су жүйелерін, жолдарды талаптарға сай жүргізуді тапсырды.

– Ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне мән берілуі керек. Мектеп орналасқан аумақты жарықтандыруды және бейнебақылау жүйелерімен қамтуды ұйымдастырыңыздар. Мектепке қатынайтын қосымша маршруттар бекітіңіздер. Білім ғимараттары түгелдей жылдам интернетпен қамтылуы тиіс, — деді қала әкімі М.Әйтенов.

Сондай-ақ, қала басшысы сала мамандарына соңғы жылдардағы мегаполис тұрғындарының демографиялық өсу динамикасын ескеруді, соған сәйкес алдағы уақытта білім ғимараттарының орындарын Бас жоспарға сәйкес белгілеп алу қажеттігін де ескертті. Басқарма басшыларына құрылыс барысындағы өзекті мәселелерді бірлесе, дер кезінде оңтайлы шешуді тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *