Әлеумет Шымкент

Әкімдерге бағаны тұрғындар береді

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен түрлі деңгейдегі қала, аудан әкімдеріне жүктеген міндеттемесінде қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісін жалғастыруды тапсырғаны белгілі. Әсіресе, жергілікті жерде әкімдер күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешуге күш жұмсамағы керек. «Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын жыл сайын бағалау жүйесін енгізу керек.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату айрықша маңызды» деген болатын Президент.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасын жүзеге асыруда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ел алдындағы есеп беру жиындарына қызу кірісіп кетті.

 ҚАРАТАУ АУДАНЫ.

Кешегі аптада қала әкімі Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында бірінші кезекте аудан аумағындағы шағынаудандар мен елді мекендердің инфрақұрылымы сөз болды. Олардың бүгінгі жәй-күйі, алдағы күнгі жағдайы айтылды. Жалпы Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша қаладағы барлық 5 ауданның да жоспары нақтыланған. Соны негізге ала отырып, қазірдің өзінде бірқатар жобалар бойынша құрылыс жұмыстары қарқын алуда.

Қаратау ауданында қазіргі таңда 213 мыңнан аса тұрғын тұрады. Аудан аумағында 18 елдімекен, көпқабатты 494 тұрғын үй бар. 29 762 үй жеке сектор. Аудан аумағындағы 595 көшенің де өзіне сай әрқайсысының мәселесі барын қала әкімі жақсы біледі. Бір қуанарлығы, аудан халқы ауыз сумен 98 пайызға, электр жарығымен 98, табиғи газбен 96 пайызға қамтылған. Яғни, бірқатар тұрмыстық түйіткілдер шешімін тапқан.

Орайы келгенде айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі мемлекеттік қызметшілерге зор жауапкершілік жүктеп отыр. «Бұл – ең алдымен барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана, табысты жүзеге асыра аламыз» деді Мемлекет басшысы.

Осынау міндетті мінсіз атқару жолында аз тер төгілмейтіні түсінікті де. Содан да болса керек, Шымкент қаласында қазір әр шағын аудан тұрғындары бюджеттің қаржысы қайда, қалай жұмсалып отырғанынан хабардар бола алады. Қала басшысының есепті жиындарында мұның бәрі де ашық айтылуда. Тіпті, тұрғындар тарапынан түскен әрбір өткініш, талап-тілек назардан тыс қалмауға күш салынған. Соның нәтижесінде тұрғындар жайлы өмір сүруі үшін өзіне қажетті инфрақұрылымдардың құрылысына тапсырыс бере алады. Мысалы, Сайрам ауылы және Қызылсу тұрғын алабында ауызсу мәселесі тұрғындардың талап-тілегіне орай биыл толығымен шешілетін болды. Аталған ауыл тұрғындары енді суды кестемен тұтыну ауыртпалығынан құтылмақ. Дәл осындай игі шара Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағында да көрініс беруде. Бұл аумақта да ауыз су құбыры тартылып, биыл тұрғындар таза сумен толығымен қамтылатын болды.

Былтыр Қаратау ауданының Тұран, Қайнарбұлақ, Достық, Асар-2, Нұртас шағын аудандарын сапалы электр жарығымен қамту үшін арнайы желі тартылған-ды. Биыл бұл жұмыстар Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағында жүргізілуде. Осылайша осындағы 1200 абонент сапалы электр жарығына жалғанады. Бұл Қаратау ауданы толық электр жүйесімен қамтылады деген сөз.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов биыл 15 мыңнан аса тұрғыны бар Тассай елдімекені мен Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумағы табиғи газға қол жеткізетінін айтты. Жалпы, Қаратау ауданының халқын 100 пайыз газбен қамту жоспары 2025 жылға межеленген. Сол жоспарға сай, алдағы күндері Шапырашты, Таскен, Өтеміс, Қызылсу елдімекендеріне де газ құбыры біртіндеп тартылатын болады. Ал 2025 жылы Достық тұрғын алабы, Мәртөбе, Мирас елдкімекендерін қамту назарға алынып отыр. Ал, Тұран, Тассай, Мирас шағын аудандарына кәріз жүйесі толық тартылады. Биыл жыл соңына дейін осы бағытта 4 жобаның құрылысы аяқталады. Нәтижесінде 40 мыңнан аса абонент канализацияға қосылуға мүмкіндік алады. Қазір ауданның кәріз желілерімен қамту көрсеткіші 57,9 пайызға жетіп отыр. Жоспар бойынша 2025 жылы елдімекендердің 65 пайызын орталықтандырылған канализациялық жүйеге қосу жоспарлануда.

Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і, 713,5 мың абонент кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қазір қалада 2 магистральді кәріз коллекторының және 9 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Биыл жыл соңына дейін қала аумағында 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл қамту көрсеткішін 60-тан 75 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді», — дейді мамандар.

 ТҰРАН АУДАНЫ

Бұл Шымкент қаласындағы жаңадан құрылған аудан. Десе де бұрынғы төрт ауданнан тұрғындарымен қоса жері еншіге бөлініп берілгендіктен мұнда бұрыннан келе жатқан мәселенің болуы заңдылық. Аудандағы басты мәселенің бірі — тозығы жеткен жол, көшелерді ретке келтіріп, жөндеу. Жалпы, Тұран ауданының инфрақұрылымын жақсарту, соның ішінде жол жөндеу жұмыстарына бюджеттен 8,4 млрд. теңге қаржы қаралған. 2025 жылға дейін мұнда ұзындығы 189  шақырымды құрайтын 126 көше  асфальттануы керек. Бұл жұмыстар қаланы дамытудың жоспарында нақтыланған. Былтыр ауданда 19 шақырымды құрайтын 21 көше асфальтталып, 26 шақырымды құрайтын 36 көшеге шағал тас төселген. Биыл  19,1 шақырымды құрайтын 31 көше асфальталып, 85 көшеге шағал тас төселеді деп күтілуде.

Тұран ауданы тұрғындарымен есептік кездесуде қала әкімі Мұрат Әйтенов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспардың орындалу барысын баяндады. Аудан аумағындағы 20 елдімекен тұрғындары тұрақты түрде сапалы ауыз су тұтынуда. Биыл Құрсай шағынауданын тіршілік нәрімен қамту жұмыстары аяқталады. Осыған дейін су жүйелерінің 92 пайызы, яғни 151 шақырымы тартылған. Бұйыртса, биыл жыл соңына дейін ауданның ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетуі тиіс.

Сапалы электр қуатымен де мұндағы елдімекендердің 99,5 пайызы қамтамасыз етілген. Ал, Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағын сапалы жарықпен қамту мақсатында жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс нысаны келесі жылы толық аяқталады. Былтыр Ақтас, Ақтас-2 және Ақжар, Арғымақ елдімекендерін газдандыру құрылысы аяқталғаны белгілі. Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз» тарапынан құбырларға сынама жұмыстары жүргізілуде. «Табиғи газ аталған шағынаудандарға жылу маусымына дейін берілетін болады» дейді сала мамандары. Ал, Айкөл, Құрсай, Жаңаталап шағынаудандарының жаңақұрылыс аумағын газдандыру үшін бүгінде жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Ауданды көгілдір отынмен толық қамту жұмыстары 2025 жылы аяқталатынын білдік.

Кездесулер барысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындар тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап беріп, қаладағы 5 ауданның да инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, аудан әкімдеріне қаладағы салалық басқарма басшыларымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, азаматтардың талап-тілектеріне қатысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Ж.ШАЛАБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *